Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Ақмола облысы

Қамқор көңілді жан

Қамқор көңілді жан

Мақаламның кейіпкері қарт ұстаз, ардақты ақсақал Құдаш Сәрсенұлы Балтабеков бүгінде  «әдемі қартайғанның» нақты   үлгісін    көрсетіп  отырған   шоқтығы  биік, тұғырлы тұлға. 

Құдаш  ата  сынды  құрметке  де, мадақтап-мақтауға да лайық жандар жайлы  жазғанда  қаламың өзі  жылжып,   шабытты  тіркестердің  келе  беретіні   жазылмаған   заңдылық іспеттес  десем   артық айтқандық  болмас. Көргені көп, рухани қазынасы  мол  осындай ұлағатты  ұстазды өскелең  ұрпаққа  өнеге  ету  мақсатында жазылған осы  шағын  ғана  сыр толғауым  көз жүгірткенге емес, көңілге  түйе білетін  жандарға  берері  көп  дүние   деген  ойдамын.

Мұғалім  мамандығын аса   қастерлі санап, ақсақалдарымыздың  қолына  су  құйған жеткіншекке: «Таудай болып өс! Мұғалім бол!» деп бата беретін ел емеспіз бе?  Құдаш атаның  әкесі де  жасынан зеректігімен көзге түскен баласының ұстаз мамандығын алуын армандаған  болуы керек.

Құдаш Сәрсен- ұлы  1929 жылдың 15 қаңтарында Қарағаш ауылында дүниеге келген.  Игілік орта мектебін 1943  жылы бітіргеннен     кейін     Көкшетау педагогикалық училищесіне түседі. Осы   білім   ордасын  1946   жылдың  шілде  айында  ойдағыдай  аяқтағаннан   кейін,   әр   жылдары   Жамантұз  бастауыш, Ұялы  сегізжылдық, Игілік,  Қошқарбай  ауылындағы   Ленин  орта  мектептерінде мұғалім,  мектеп  меңгерушісі  болып   жемісті  еңбек  етті.     Білім  беру   саласына    өмірінің  43 жылын арнаған ардақты  атамыз бүгінгі  күнде  құрметті   еңбек    демалысында.

Қарт   ұстаздың  есімі   еліміздің   көптеген   аймақтарына  жақсы  мәлім.  Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған  ұлағатты  ұстаз   ел жылнамасы     мен  жер  тарихының   білгірі,  өзінің  өсиет сөздерімен шәкірттерінің  құрметіне   бөленген   жан.  Ол  жарты   ғасырға    жуық  уақытта   жүргізген   сабақтарында  оқушыларына   пән  негізімен   қатар  адамтану, ғұмыртану ілімдерінен  мағлұматтарды  саналарына  тереңінен   сіңіре  біліп,  қоғамымыздан    өздерінің  лайықты  орындарын   алуларына   себепкер  бол-ған  абзал  жан.

Атамыз  мұғалім болған жылдары шәкірттеріне сапалы білім    беріп,  жоғары  оқу орындарына түсулеріне,  өмірден  өз  орындарын   табуларына  әрдайым   қол  ұшын  созып  отырды.

Сөз  соңында  бүгінде  елді  мекеніміздің   қадірменді  ақсақалы  атанып, тоқсан  жастың    торқасына   шығып  отырған  Құдаш  атаны  мерейтойымен  шын жүректен құттықтап,  ұзақ  ғұмыр, зор  денсаулық,  тәңірдің   берген   жасын   жасай  беріңіз деген  тілегімді    жолдағым келеді!.

басқа жаңалықтар