Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Ақмола облысы

Жастар тәжірибе жинақтауда

Жастар  тәжірибе жинақтауда

Краснояр №3 агротехникалық колледжіндегі 3 курстың шәкірттері Зеренді ауданындағы  «Ұмай жер», «Қанай би-1» серіктестіктері, өзге де ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы егіс жұмысына білек түре кірісті.

Аталмыш колледж сантехник, дәнекерлеуші, аспазшы, дизайншы, наубайханашы, кондитер, фермер, дизель мен жеңіл автокөлік қозғалт- қышын, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуші , өзге де мамандарды  даярлайды. Дуальдік оқытуға сәйкес,оқушылар-ға оқу үрдісінің 40 пайыз уақытында теориялық білім берілсе, қалған 60 пайыз уақыты Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданындағы әртүрлі отыздан астам серіктестіктер мен кәсіпорындарда тәжірибе жинақтауға бөлінеді. Бүгінгі таңда бұл білім ордасында 500 шәкірт білім алуда.Көбі ауыл мектептерінің түлектері. Оларға білім, жатын орын, тамақ тегін беріледі, шәкірт ақысы мен жолақысы төленеді.

Агротехникалық колледждің әдіскері Болат Тәткеновтың айтуынша, «Ұмай жер» мен «Қанай би-1» серіктестіктерінде колледждің 25 оқушысы, қалғандары өзге шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтуде.

–Аталмыш серіктестіктер шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықталған. Бұл оқушылардың теориялық білімдерін іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 50 жылдық тарихы бар колледждің материалдық базасы толық жабдықталған. Білім шаңырағында ауыл шаруашылығы техникалары мен автокөліктер, арнайы жаттығу орындары, оқулықтар, фото және бейне материалдар, плакаттар, сұлбалар мен макеттер бар. Өкінішке орай, әзірше шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізе алмай отырмыз. Сондықтан, әртүрлі әдіспен теориялық білім беруге тура келеді. Колледжде спорт секциялары, әртүрлі үйірмелер, арнайы факультативтер жұмыс істейді,–дейді әдіскер.

Алдымен, біз бүгінгі таңда маңызды болып саналатын көктемгі егіс науқаны қалай жүріп жатқанын білмекші болып, Васильковка селосының іргесінде орналасқан «Ұмай жер» серіктестігіне ат басын тіредік. Шаруашылық басшысы Азамат Елмағатов өз сөзінде биыл 15,5 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақ, майлы дақылдар себетінін, қазір 6 егіс кешені жұмыс істеп жүргенін айтты.

–Колледждің 15 оқушысы былтырғы жылдан бастап біздің шаруашылықта тәжірибеден өтіп, шетел техникасының қыр-сырын меңгеруде. Қыздар есепші, таразышы, аспазшы болып жұмыс істейді. Жігіттер механизаторлар мен дәнекерлеушілердің қасында жүр. Олар бригадирлер мен механиктерге бекітіліп берілген. Бір оқушы қазір шетел техникасын, екіншісі МТЗ тракторын жүргізеді. Шәкірттерге  60-100 мың теңгеден еңбекақы төлейміз. Жатын орыны мен тамағы тегін. Жаз бойы еңбек еткен шәкірттер 200 мың теңгеден табыс табады. Алғашында шәкірттер өз тәжірибесін қозғалтқыш пен сеялканы құрастырудан бастайды,–дейді серіктестік директоры.Серіктестік базасында қырман, элеватор, ауыл шаруашылығы техникаларының паркі, машина-трактор шеберханасы, жанар-жағармай цистерналары, астық қоймалары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы орналасқан. Серіктестікте 127 адам еңбек етеді. Оның алпысы Солтүстік Қазақстан облысы мен көрші ауылдардан маусымдық жұмысқа тартылған. Қазір 1 және 2 класты тұқым дәріленіп жатыр. Элиталық тұқым сатылып алынған. Жер механикалық және химиялық әдіспен өңделіпті. Биыл 1,5 тонна бидай, 350 тонна арпа тұқымы егіледі.Егіс жұмысы 10 мамырда басталған. 30 мамырда аяқталады деп жоспарлануда. Еңбеккерлер тегін тамақтанады. Монша мен жатақхана жұмыс істейді. Еңбекақы 300 мың теңгеге дейін көтерілген. Былтыр серіктестік Дөңгілағаш ауылына су мұнарасын орнатыпты. Абай ауылдық клубын да жөндепті.

«Қанай би-1» серіктестігі биыл 7 мың гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар егеді. Бүгінгі таңда дәнді дақыл мен зығыр егу жұмысы қызу қарқын ал-ған. Алқаптарда  төрт  өнімділігі жоғары егіс кешені жұмыс істеуде. Бір егіс кешені тәулігіне 200 гектар жерге кондициялық дән себеді. Науқандық жұмысқа 60 адам тартылған. Серіктестік директоры Талғат Қабдуловтың айтуынша, Краснояр №3  агротехникалық колледжі оқушыларының тәжірибеден өтіп келе жатқанына төрт жыл толыпты.

–Шәкірттердің жатын орыны және тамағы тегін. Еңбектеріне қарай еңбекақы төлейміз. Он шәкірттің біреулері техника жөндеумен, дәнекерлеумен айналысса, екінші біреулері техникамен дәнді дақылдар себеді. Алғашында механизатордың көмекшісі, кейін трактор жүргізуді сеніп тапсырамыз. Олар колледжден алған білімдерін тәжірибемен толықтырады. Кейбір шәкірттер инженер-механик Болат Досановтың қарамағында екінші жыл жұмыс істеуде. Қазір ауылдан механизатор табу  қиын  мәселеге айналды. Бұрынғы механизаторлар зейнет жасына келді. Олардың орнын басатын жастарға құрметпен қараймыз. Олар да айтқанымызды екі етпей, өз міндеттерін атқаруда. Сырым Низамхан жақсы электрдәнекерлеуші болады деген  үміттеміз. Марат Бақытбек шетел техникасын меңгеріп алды. Анатолий трактор жүргізіп, электрдәнекерлеумен айналысады. Бір ерекшелігі шетел техникасының ақауын компьютер көрсетеді,– дейді директор. Ауыл еңбеккерлері өздеріне жұмыс, жемшөп, отын-көмір беретін серіктестіктің құрылтайшысы Атбасар ауданындағы «Бастау» серіктестігінің директоры Темірхан Мұқышевқа алғыстарын білдірді. Қыс айларында жол мен көше қардан тазаланып отырылады. Мектепке демеушілік көмек көрсетіледі. Ауылда өткізілетін мәдени шараларға қаржы бөлінеді. Сөйтіп, аталмыш серіктестіктер елді мекендер тұрғындарының алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін өтеумен бірге болашақ механизаторларды даярлауға өз үлестерін қосуда.

басқа жаңалықтар