Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Ақмола облысы

Тағдыр сынағына төзе білген

Тағдыр  сынағына       төзе  білген

Адам  баласы  іңгәләп  өмір  есігін  ашқанда  алда   өзін  не  күтіп   тұрғанын  сезбесі   айдан  анық. Есейе  бастаған   шақта  да  әр   тұлға   өз   өмірінің  болашақта   да  қалайша   қалыптасатынын   нақты  бағдарлай   алмауын   да   заңды   құбылыс  деуге   болады.  Бұл  жұмбақтың   сыры   уақыт    өте  келе    шешіліп   отырылады.  Олардың  бірі   адал  өмірлік   серігін  кездестіріп, перзент    сүйіп,  бақытты,  шаттықта  өмір  сүріп,  асыл  ана,  ардақты  әке  атанса,  енді   бірі   сәби  жасында  қиындықтарға  тап  болып,  осы    қатал  сыннан  әртүрлі  жағдайда     өтіп  жатады..

Бүгінгі  оқырмандар  назарына  ұсынғалы   отырған    осы   шағын   мақалам   жоғарыда   аталғандардың   соңғы  санатына   жататын  бір  нәзік  жандының     тағдырына   арналмақшы.  Кейіпкерім   Салтанат  өңіріміздегі   Көктерек   ауылының   тумасы    өмір  есігін   ашқан   кезден  бастап  ана  мейірімін  де,  әке  қамқорлығын  да  көрмей  өсті. Туысқандарының   тәрбиесінде  болып,  ержетіп,  мектепті  бітіргеннен   кейін      ерте  тұрмысқа   шығуға    мәжбүр  болады.   Жергілікті   жігітпен  (есімін  атамай-ақ қояйын)  отбасылық  одағы   ойдағыдай  болып,  сәбилері   дүниеге   келіп,  өмір  ағымы   қалыпты  жағдайда  өтіп жатты.  Осындай  күндердің   бірінде   жұбайы  ешнәрсені   түсіндірмей, елімізде   орын   алып  отырған  өтпелі  кезеңнің  қиындығына  қарамастан  Салтанатты         алты  баламен  тастап   жүре  береді.  Сол  кеткенінен  молынан    кетеді. Ол  кеткенде   балалардың  ең  үлкені  12 жаста, ең  кішісі  бір  жастан   сәл  ғана   асқан     еді.   Өмір   сүру  қиындап,     амалсыздан     көмек   сұрауға    мәжбүр   болып,     көп  балалы   аналарға    үкімет  тарапынан   қолдау  мәселесін    білуге   барғанда,    «Тұрғындарды  әлеуметтік  қамтамасыздандыру»  бөлімінен  еш  көмек  көрсете   алмаймыз   деген  жауабы   Салтанаттың   көңілін   одан   әрі   құлазыта   түседі.

Дегенмен  мейірімді   жандар,  жергілікті   кәсіпкер, аудандық   мәслихаттың   депутаты    Марат  Молдахметов,  жергілікті    тұрғын    Баян  Сағадиева   көмек  қолын   созып,  ақыл-кеңестерін  беріп,  Салтанатты   ризашылық  сезімге  бөлеп,  өмірге   деген   көзқарасын  өзгертуіне     себепкер  болады.  «Көрінген  таудың  алыстығы  жоқ», « Жас  өспей  ме, жарлы  байымай  ма»  дегендей  балалары  да  ерте  есейіп, аналарына  көмек  қолдарын  соза   бастайды.  Үлкен   ұлдары   жаз   айларында  ауыл  тұрғындарының   қойларын,  бұзауларын    бақты.  Бір-біріне  ұқсаған   күндер  осылайша   өтіп  жатты.   Ұлдары  ержетіп, мамандық  таңдап,  ұшқан  құстай  даңғыл  өмір   жолына  аттанды.  Бүгінде   ұлдары   Мадияр  мен  Бахтияр  Астанада   жұмыс  істейді.  Қайырбегі     еліміздің   басты  қаласындағы   Әскери   Академияның      курсанты.  Оқу   орнын   биыл  бітірмекші.  Бақытжан   Алматы   қаласында  әскери  борышын   өтеп  жатыр. Тимур  Астанада   Экономика  колледжінің   студенті.  Қызы  Томирис  Көктерек  ауылындағы   негізгі  мектептің   9  сынып  оқушысы. Қиын  сәттерде  қолдау   білдіріп,  өздеріне  көмек  қолын созған  жандардың   игі  істері  балаларының   жүрек- терінде  мәңгілік  сақталары  сөзсіз.

«Әйел  ұлттың  айнасы, елдің  ар-ұяты»,  деп  М.Әуезов  айтқандай  тағдырлары   осылайша    қалыптасқан   қаншама  қыздарымыз   өмір  сынағына   тап  болып,   отбасының  қиындықтарын  көргендеріне  қарамастан,   ар-ұятын  сақтап, балаларына  қамқор  болып,   жайлы    тұрмысқа   қол  жеткізіп   отырғандары   жетерлік.  Дәл  осы қатарға   Салтанат    Рысқұлованы да    толығынан    жатқызуға   болады.     

-Ұлдарымның  ержетіп,   өмірден  өз  орындарын  табуға   талпынып   жатқандарына    қуаныштымын,  тек  бір  өкініштісі  қызымның  биыл оқуын  бітіріп,  шаңырағымыздың   кететінінде, - деп  Салтанат көзіне  еріксіз  жас  алды менімен  болған  қысқаша  сұхбатында.

Міне   құрметті  оқырман   осылайша  Салтанат   Дәулетханқызы  жастық  шағында   тағдырдың    талай   сынына  тап  болып,  азабын  кеңінен  тартса  да, қиындықтарға   еш  мойымай,  өмірдің   күнделікті   сынақтарын   жеңіп    шығудың     жарқын   үлгісін   көрсете    білді.  Жігерлі  жанның  балалары  ержетіп,  бейнеттің   азабын  ұмыттырып  жібергені   айдан  анық.  Қиындықтар  да  қас-қағым  сәтте  өте  шыққандай  болды.

Сөз  соңында  тағдырдың   қатал     сынағына   төзе   білген     Салтанаттың         армандары    орындалып,   алдағы   жылдарды    тек  қуанышқа   толы  сәттермен    өткізуіне  шын   жүректен   тілектестік   білдіргім    келеді.

басқа жаңалықтар